Қапшағайда жасырын жұмыс істеген казино иесіне айыппұл салынды

Автор: Azattyq Rýhy

Полиция қызметкерлері рейд кезінде казинода 60 жуық адам ойнап жатқанын анықтады

Фото: ашық дереккөзден

Қапшағайда полицейлер карантин талаптарын бұзып, жасырын жұмыс жасаған казиноны анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Қапшағай қаласы Полиция бөлімінің қызметкерлері арнайы рейд барысында коронавирустық індеттің жаппай таралуының алдын алуға бағытталған карантиндік шектеулерді ескермей, жасырын қызмет еткен казиноның әрекетін әшкереледі.

«Облыстық бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, барлық казино қызметіне шектеу қойылған. Алайда, қаладағы бір казиноның ойыншыларды қабылдағаны анықталды. Біз барғанда ойын мекемесінде 60 жуық адам болды. Аталған дерек бойынша жинақталған фото-бейне материалдар тиісті шара қолану үшін мүдделі мемлекеттік органға жіберілді», – деді қалалық Полиция бөлімінің бастығы Манат Айтмұханбетов.

Санитар дәрігердің қаулысындағы талаптарды сақтамай, карантин ережелерін өрескел бұзған казино иесіне 900 мың теңгеден астам айыппұл салынған.