Алты жағдайда зардап шеккендер бар
Алматыда жауған қалың қар салдарынан жол апаты жиіледі. Осыған байланысты қала полициясы көлік жүргізушілерін сақ болуға шақырды.
«Түнгі сағат үштен бастап мегаполисте 70-тен астам жол апаты болды, алты жағдайда зардап шеккендер бар. Қардың қалың түсуі қаладағы жол қозғалысын қиындатады: кептеліс пайда болып, көліктердің өткізу мүмкіндігі нашарлайды», - деді Алматы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жандос Мұратәлиев.
Полицияның айтуынша, жол апатына көлік жүргізушілерінің белгіленген тәртіпті сақтамауы себеп болған: кей көлік жүргізушісі жылдамдықты азайтпайды, апаттық жағдай тудырады, қауіпті әрекет жасайды, бір-біріне құрмет көрсетпейді. Ал жаяу жүргіншілер рұқсат етілмеген жерден жолды кесіп өтеді.
Еске сала кетейік, Алматыда қалыңдығы 15 см қар жауды. Көшелерді омбы қардан тазартуға 2 мыңға жуық жұмысшы шықты.