ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 1430 адамнан коронавирус анықталды

Мемлекеттік порталға кибершабуыл жасаған азамат 2 жылға сотталды

Сот үкімі заңды күшіне енді

көрнекі фото

Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2020 жылдың мамырында goszakup.gov.kz мемлекеттік интернет-ресурсының жұмысын уақытша тоқтатқан «Электрондық мемлекеттік сатып алу» ақпараттық жүйесіне жасалған кибершабуыл (DDos типті) фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп-тексеруді аяқтады. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.

«Кибершабуыл салдарынан жалпы сомасы 164 млрд теңгеге 7901 мемлекеттік сатып алу ауыстырылды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында, оның ішінде Электрондық қаржы орталығының жәрдем көрсетуімен мемлекеттік интернет-ресурсқа кибершабуыл жасаған Қазақстан азаматы анықталды. Компьютерлік-техникалық сараптама нәтижелері бойынша адамның кінәсі толық дәлелденді», - делінген ҰҚК хабарламасында.

2020 жылғы 22 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық сотының шешімімен сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 207-бабының 2-бөлігі 1-тармағы (Ақпараттық жүйенің немесе телекоммуникация желілерінің жұмысын бұзу) бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге электрондық мемлекеттік сатып алу саласындағы қызметпен айналысу құқығынан айырумен 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жазаланды.