СҚО-да өртте бір адам қаза тауып, үшеуі уланды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазір оттың шығу себептері анықталып жатыр      

Фото: ашық дереккөзден

Кеше түнде Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Ломоносока ауылында 2  пәтерлік үйде өрт шығып, 40 жастағы жігіт қаза тапты.  Ал Аққайың ауданында пештен шыққан ыстан атасы мен әжесі және немересі уланып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Ломоносовка ауылындағы үйде шыққан өртте пәтерлердің бірінің төбесі мен арасындағы қабырға толықтай жанып кеткен. 2-ші пәтерден қалған күл арасынан адам мүрдесі табылды. Өрттің жаплы аумағы 150 шаршы метрге таралған. 

«Оқиға орнынан 40 жастағы адамның денесі табылды. Болжам бойынша ол үй иесі болуы мүмкін. Ломоносовка ауылына ең жақын өрт сөндіру бөлімшесі 70 шақырым жерде орналасқан. Оған қоса, өрт жайында хабар кеш түсті. Соның салдарынан үйдің бір бөлігі түгел жанып кетті. От темекінің тұқылынан шыққан», - дейді, СҚО ТЖД Азаматтық қорғау  саласындағы апаттар тәуекелдерін төмендету және бақылау басқармасының бастығы Игорь Балеев.

Ал  Айыртау  ауданының Новоукраинка ауылында үй иесі, әйелі және немересі пештен шыққан ыстан уланып, ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша үшеуінің де жағдайы орташа. Төтенше жағдайлар жөніндегі қызмет мамандары түтіннің шығуына жылыту құралын дұрыс пайдаланылмауы себеп болғанын атап өтті. 

«Улы газдан  1948 жылы туған ер адам, оның 68 жастағы әйелі мен 4 жасар немересі уланған. Бәрі де ауруханаға жеткізілді, жағдайлары орташа.   Пеш мұржасын ерте жауып, салдарынан улы газ шыққан», - дейді маман. 

Жалпы облыс аумағында жыл басынан бері 627 өрт оқиғасы тіркеліп, қызыл жалыннан 38 адам мерт болған, тағы 25-сі дене жарақатын алды. Аталған мерзімде өрттен келген материалдық шығын 8 миллион теңгеге бағаланды. 

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО