Азаматтардың бірі 5 жарым жылға, ал екіншісі 3 жылға бас бостандығынан айырылды
Түркістан облысында мемлекетке 7 млрд теңге залал келтірген екі тұрғын сотталды. Бұл туралы ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Түркістан облысының екі тұрғыны 2017-2019 жылдары аралығында «Фаворит Инвест Строй», «Азия-Tech» және «Таңшолпан-Нұр» ЖШС-ін үшінші тұлғаларға тіркеу арқылы қылмыстық құқықбұзушылық ұйымдастырып, оған басшылық ете отырып іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызмет түрлерін көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жалған шот-фактура жазып беруді жүзеге асырған», - делінген департамент хабарламасында.
Айыпталушылар контрагент сатып алушылардан белгілі бір мөлшерде сыйақы алу арқылы ұйымдарға салынатын салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтарған.
Заңсыз іс-әрекет нәтижесінде мемлекет бюджетіне 7 млрд астам теңге көлемінде залал келтірілді.
Азаматтардың қылмысы ҚР ҚК 28-бабының 2, 3 және 5-бөлімдері, 216-бабының 3-бөлімі, 245-бабының 3-бөліміне сәйкес сараланып, Жетісай аудандық сотының үкімімен азаматтардың бірі 5 жарым жылға, ал екіншісі 3 жылға сотталды.