Ұшақ бортында 62 адам болған
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Sriwijaya Air ұшағының апатынан қаза болғандарға байланысты Индонезия президенті Джоко Видодаға Қазақстан халқының және өз атынан көңіл айту жеделхатын жолдады.
«Жантүршігерлік апатта жақындарынан айрылған отбасылардың ауыр қайғысына ортақпын. Жаратушы олардың қайғыларын жеңілдетіп, қазаға ұшырағандардың жанын өзінің мейірімімен жарылқасын», – делінген жеделхатта.
Еске салайық, 9 қаңтарда Индонезияда Sriwijaya Air әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Индонезия үкіметінің мәліметінше, бортта 62 адам болған (50 жолаушы, 12 экипаж мүшесі). Boeing 737-524 ұшағы Жакартадан ұшып шыққаннан соң 4 минуттан кейін теңізге құлаған.