Жол көлік оқиғасынан ешкім зардап шекпеген
Түркістан облысында тағы да жол көлік оқиғасы орын алып, жеті бірдей көлік соқтығысып қалды. Жол апаты бүгін түскі сағат 13:00-дер шамасында «Алматы-Термез» тасжолының Сарыағаш ауданы аумағында болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жол апатына жолда кетіп бара жатқан «Вольво» жүк көлігі себеп болған. «Вольво» жүк көлігі ауа райының қолайсыздығынан әрі асфальт бетінің мұзданып, тайғақ болуының салдарынан «Тойота Камри» автокөлігіне соқтығысқан. Соның салдарынан «Газель» автокөлігі «Шевролет» көлігімен соқтығысқан. Дәл осы сәтте бір бағытта кетіп бара жатқан «ВАЗ» автокөлігі «Дэу Нексия» автокөлігіне, ал оған «Дэу Матиз» көлігі соғылған. Жол көлік оқиғасынан ешкім зардап шекпеген.
«Аталған жайт бойынша Сарыағаш АПБ-ден жедел-тергеу тобы аттанып, шұғыл түрде тергеп тексеру амалдарын жүргізді. Қазіргі уақытта тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Кінәлі жүргізушілер анықталуда», - делінген хабарламада.
Еске салайық, күні кеше осы жолдың Қазығұрт ауданы аумағында төрт бірдей көлік соқтығысып, 15 адам зардап шеккенін хабарлаған болатынбыз.