Оқиға Назарбаев көшесінің бойында болған
Петропавл қаласындағы көпқабатты үйлердің бірі өртеніп, әйел адам қайтыс болды деп хабарлайды ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі.
«24 қараша күні сағат 23:14-те Назарбаев көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірі өртеніп жатқаны туралы хабар келіп түсті. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер екінші қабаттағы пәтерде жиһаздардың өртеніп жатқанын анықтады. Олар шұғыл қимылдап, 23:53-те өртті сөндірді. Құтқарушылар келгенге дейін куәгерлер пәтердің иесін – 1962 жылғы ер адамды далаға шығарған. Оны жедел жәрдем алып кетті. Сондай-ақ, өрт шыққан пәтерден 1974 жылғы әйелдің мәйіті табылды», - деді ТЖК-нің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов.
Оның айтуынша, оқиға болған үйден 25 адам, оның ішінде 8 бала қауіпсіз жерге шығарылған.
«Куәгерлердің айтуынша, үй иесі таныс әйелімен алкогольдік ішімдік ішкен. Қазір өрттің нақты неден шыққанын анықтап жатырмыз», - деді Нұрахметов.