Шымкентте полиция қызметкерлерін бұзақылар соққыға жығып кеткен

Автор: Azattyq Rýhy

Көшеде ішіп-шекпеу туралы ескерту жасаған тәртіп сақшыларына бір топ жігіт жұдырық ала жүгірген

Фото: ашық дереккөзден

Шымкенттік полицейлер бұзақылардан оңбай таяқ жеді. Аулалардың бірінде топырлап тұрған топқа ескерту жасаған тәртіп сақшыларын жігіттер жабылып сабап тастаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy  КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

- Сізді ұрды ма?

- Ыы...

- Немен ұрды?

- Екі жігіт таспен ұрды ғой.

- Ұрған жоқпын.

- Қалай ұрған жоқсыз?

- Міне, ұрған жоқпын, ешкімді ұрған жоқпын... 

Полицейлердің айтуынша бұзақылар тәртіп сақшыларын баспен де, таспен де төмпештепті. Бастапқыда топтасып тұрған алты жігітке екі учаскелік полиция қызметкері жақындайды. Көшеде ішіп-шекпеу туралы ескерту жасаған кезде бұзақылар тәртіп сақшыларын балағаттап, жұдырық ала жүгірген. Тіпті біреуі ұстап, қалғандары аямай ұрыпты.

Алайда дереу көмекке келген бірнеше полиция экипажы таяқ жеген әріптестерін арашалап, бұзақылардың қолына кісен салды. Ал оңбай таяқ жеген тәртіп сақшыларына жедел жәрдем фельдшерлері көмек көрсеткен.

Қазір күдікті деген үш азамат қамауға алынды. Оларға қатысты екі бірдей баппен іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.