ШұғылЕлімізде өткен тәулікте 855 адамнан коронавирус анықталды

Оралда әскер қатарына шақырылған жігіт үшінші қабаттан секіріп кеткен

«Әскерилер баламды ұрып, бір жыл бойы қамауда боласың деп қорқытқанын кейін білдім» дейді жас жігіттің анасы

Оралда жас жігіт облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департамент ғимаратының үшінші қабатынан секіріп кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасы.

Соның салдарынан әскерге шақырту алған жасөспірімнің омыртқасына айтарылықтай зақым келіп, екі аяғына операция жасалыпты. Оқыс оқиға желтоқсанның 8-і күні болған. Сол күні шақыру қағазын алған анасы әскери комиссариатқа өзі барып, баласын келер жылдың көктеміне дейін қалдыра тұруды сұрайды. Бірақ әскерилер онымен келіспей, баланы департаментке алып келіпті. Кейін әскерге шақырылушымен әңгімелесу қажеттігін айтып, әйелді үйіне қайтарған. Бірақ көп ұзамай баласының жарақат бөлімінен бір-ақ шыққанын естіген.

«Өзім дімкәс адаммын. Ұлым мен қызымды жалғыз өзім тәрбиелеп отырмын. Әскерилер бұл істі жасырғысы келіп, мені қорқытқан соң осы уақытқа дейін үндемей келдім. Бірақ кінәлілер жазаға тартылуы тиіс», - дейді ол.

«Баламды кеудесінен ұрып, «1 жыл бойы қамауда боласың деп қорқытқанын» кейін білдім. Тіпті әскерге барғысы келмегеннің өзінде бұлай істеуге бола ма? Кейін маған өздері күн сайын хабарласып, кездесуімді өтінді. «Бізді жұмыстан кетіреді, көмек берейік» деді. Барлық әңгімелерін жазып алдым, оларды жазасыз қалдырмаймын», - деді әскерге шақырылушының анасы Светлана Кибко.