Зардап шеккендер мен жарақат алғандар жоқ
Әлеуметтік желіде Алматыдағы іскерлік орталықтардың бірі өртеніп жатқан видеосы тарады. Кадр сыртында белгісіз бір әйелдің айқайлаған дауысы естіледі.
Осы оқиғаға байланысты Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме берді. Департаменттегілердің хабарлауынша, өрт сөндірушілер оқиға орнына келгенде ешқандай айқайлаған адам болмаған.
Өрт Алмалы ауданындағы Төле би көшесі 286/4 мекенжайында орналасқан бизнес орталықта болған. Оқиға орнына келген мамандар өрт ошағында адамдар болмағанын анықтаған. Өрт сөндірушілер 15 минут ішінде тілсіз жауды ауыздықтады. Өрттің жалпы аумағы 30 шаршы метрді құрады. Зардап шеккендер мен жарақат алғандар жоқ.