Елордада жылыту маусымы басталғалы 20 адам өрттен қаза тапты

Автор: Azattyq Rýhy

Мамандар қайғылы жағдайдың көбі жеке секторларда болады дейді

Елордада соңғы екі аптада 4 адам тілсіз жаудың құрбаны болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал жылыту маусымы басталғалы бері 600 мәрте өрт шығып, салдарынан 20 адам қаза тапқан. Мамандар «қайғылы жағдайдың көбі жеке секторларда болады» дейді. Ол аздай, өрт салдарынан көз жұмғандардың жартысынан көбі мас күйде болатын көрінеді.

Құтқарушылар алдағы Жаңа жыл мерекесінде азаматтардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп отыр. Сондықтан жеке құрам бүгін жер үйлердегі тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мамандар шыршаны сәндегенде сапалы шамдар пайдаланып, от жаққанда оны шамадан тыс қыздырмауға кеңес береді.

«Кем дегенде, әр ай сайын пештің мұржасын тазалап отырған жөн», - дейді төтеншеліктер.

Көп жағдайда осындай қарапайым қауіпсіздік шараларының сақталмауы қайғылы жағдайға алып келетін көрінеді.

«Кейбір үйлерде балаларды жалғыз қалдырып кетеді. Олар сосын отпен ойнайды. Сондай себептер де бар. Сондықтан қазір әр үйге 8 учаске бойынша әр жер үйге кіріп, ақпараттық насихат жүргіземіз», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД басшысының орынбасары Есен Байыров.