Жамбыл облысында газ баллоны жарылды

Автор: Azattyq Rýhy

Екі адамды күйік шалды

Фото: баспасөз қызметінен

Жамбыл облысында жол бойындағы ғимаратта газ баллоны жарылып, күйік шалған екі адам ауыр жағдайда аурухана жатқызылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыстық төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«25 желтоқсан күні сағат 16-36-да Байзақ ауданында, «Алматы-Ташкент» тасжолының 597 шақырымында, жол бойында құрылысы басталған жем зауытының жұмысшыларға арналған асхана ретіндегі бейімделген гараж бокстарында газ баллоны (50л) жарылды. Салдарынан тұтанған өрт 150 шаршы метр алаңды шарпыды», - деп жазылған хабарламада. 

Жарылыс салдарынан бокстардың бетон қабырғасы мен 2 ішкі кірпіш қалқандары қирады. Оқиғадан 1966 және 1960 жылы туған азаматтар күйік алып, ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылды. Оқиға орнында ТЖ департаментінің 22 қызметкері және 6 бірлік техника жұмылдырылған. Сондай-ақ, өрттің себебін анықтау үшін оқиға орнына жылжымалы өрт-техникалық зертханасы жөнелтілген.