Аталған академия курсанты біренеше күн бұрын асылып өлген болатын
Алматыдағы ІІМ академиясында өзіне қол салып өлген Саламат Өтегеновтың анасы «Уральская неделя» басылымына сұхбат беріп, аталған оқу орнындағы өзге ата-аналардың да шағымданып жатқанын айтты. Олар академияда ақша жинау расымен де «дәстүрге» айналғанын растаған.
Марқұмның анасы айтқандай, болашақ полицейлерден ақша жинап, оларға қысым көрсететінінен курсанттардың ата-аналары хабардар екен.
«Менің ұлым туралы хабар тарағаннан кейін WhatsApp-мессенджері арқылы екі ата-ана хабарласты. Олардың бірінің айтуынша, академияда көрген қорлықтан кейін ұлы оқуын бітірмей шығып кеткен. Екіншісі ақша жинайтынын айтты», - дейді Бекзат Иманғалиева.
Басылымның хабарлауынша, ата-аналар балаларының қауіпсіздігі үшін аты-жөнін көрсетпеуді сұраған.
Еске салайық, 13 желтоқсан күні Алматыдағы ІІМ академиясының курсанты Саламат Өтегенов суицид жасаған болатын. Өмірмен қоштасар алдында ол ағасынан ірі көлемде ақша беруін сұраған. Туыстарының айтуынша, бұған дейін де ол үйінен жиі ақша алып отырған.
Аталған хабар БАҚ арқылы тарағаннан кейін академия басшысы және тағы алты қызметкері қызметінен босатылды.