20 күн өтті: Арал теңізінде жоғалған балықшының денесі табылмай жатыр
7 қарашада екі балықшының бірінің денесі табылған болатын
Арал теңізінде жоғалып кеткен балықшының денесі 20 күннен бері табылмай жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұл жөнінде Қызылорда облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асылбек Шәменов мәлімдеген. Оның айтуынша, құтқарушылар барлық жұмыстарды атқарған. Дегенмен, іздеу жұмыстары әзірге нәтиже бере қойған жоқ.
«Қазіргі таңда Қызылорда облысында ауа райы құбылмалы болып тұр. Сондықтан тұрғындардан барлық сақтық шараларына көңіл бөлуді сұраймыз», - деді Асылбек Шәменов.
Айта кетсек, оқиға 2 қараша күні орын алған. Сол күні Арал теңізіне балық аулауға шыққан екі балықшы жоғалып кеткен еді. Қатты жел тұрып, күннің күрт құбылуы салдарынан «Бақыт» шаруа қожалығында келісім-шарт бойынша еңбек еткен 25 және 26 жастағы екі азамат хабарсыз кетті. Ал 7 қарашада екі балықшының бірінің денесі табылған. Олар №16 учаскеде балық аулаған.