Балықшылардың аяусыз әрекеті түсірілген видео жұрттың ашу-ызасын тудырған болатын
Каспий теңізінде жабайы үйректерді қайықпен аяусыз басып-жаншып өткен екі балықшы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Маңғыстау облысы бойынша ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Тәртіп бұзушыларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 512-бабы 1-бөлігі бойынша Қазақстан Республикасының аумақтық суларының (теңізінің) және ішкі суларының режимдерін бұзғаны үшін айыппұл салынды», - делінген хабарламада.
Маңғыстау облысы бойынша ҰҚК Шекара қызметі тұрғындарды табиғатты және қоршаған ортаны сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға шақырады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде тараған балықшылардың моторлы қайықпен жабайы үйректерді басып өткен видеосы көпшіліктің наразылығын тудырған еді.