Оралда тұрғын үйден шыққан өрттен екі адам қаза тапты

Автор: Azattyq Rýhy

Зейнеткер мен оның 8 жасар немересі жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмды

Фото: ашық дереккөзден

Оралда тұрғын үйден шыққан өрт салдарынан екі адам қаза тапты. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

11 желтоқсан күні түнгі сағат 23.20 шамасында басталған өрт алдын ала болжам бойынша, электр сымының қысқа тұйықталуынан шыққан. Оқиға орнына өрт сөндірушілердің үш бригадасы келіп, тілсіз жауды ауыздықтаған.

«Өрт шыққан сәтте үйде бір отбасының бес мүшесі болған. Өкінішке қарай, 8 жасар ер бала мен 67 жастағы ер адам жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмды. Көршілері мен өрт сөндірушілер зейнеткер мен оның немересін өрттен алып шығуға тырысқанымен, құтқарып үлгермеді», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ жеңіл дәрежеде газдан уланған 4 жасар қыз бала мен жарақат алған 43 жастағы ер адам ауруханаға жеткізілді.   

Қазіргі уақытта оқиға орнында өрт сөндірушілер, полиция қызметкерлері мен дәрігерлер жұмыс істеп жатыр. Қайғылы оқиғаның мән-жайы тексерілуде.