Нұр-Сұлтанда қашықтан жұмыс істеген адамдарға да коронавирус жұққан

Автор: Azattyq Rýhy

Елордада бір күнде 118 адамнан вирус табылған

Фото: ашық дерек көздерден

Бір күн ішінде қашықтан жұмыс істеп жүрген 9 адамнан коронавирус табылды. Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Жанна Пралиева мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Еске салайық, кеше 10 желтоқсаннан бастап Нұр-Сұлтан қаласы коронавирустық инфекцияның таралу деңгейі бойынша  «қызыл аймаққа» өтті. Бір күнде 118 адамнан вирус табылған. Жанна Пралиева олардың арасында 22 жұмыссыз тұрғын , 13 зейнеткер, 43 кеңсе қызметкері, 9 қашықтан жұмыс істейтін адам, 3 медициналық қызметкер, 3 әскери қызметкер, мектепке барып оқитын 3 бала, үйде оқитын 11 бала, қашықтан білім алып жүрген 1 студент бар дейді. 

Ал, қаланың «қызыл аймаққа» түсуіне қатысты санитар дәрігер мынандай түсініктеме берді: 

«Қазан айының екінші жартысынан бастап репродуктивті сан R бірліктен асып кетті. R санының қазан айында 11 күн бойы және қараша айында 6 күн бойы төмендеуі байқалды, қалған уақытта R саны 1-ден асты, сондықтан қала «сары аймақта» болды. Қазан айымен салыстырғанда өздігімен медициналық қызметке қаралып анықталғандар (аптасына 18-ден 213 жағдайға дейін) және үй ошақтарында қатынаста болып ауырғандар (аптасына 15-тен 217 жағдайға дейін) санының көбеюі байқалады, өткен аптада сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 51,0-ден асты. 10 желтоқсаннан бастап қала «қызыл аймаққа» ауысты. Бұл бірінші кезекте қала тұрғындарының алдын алу шараларын сақтамауымен байланысты», - дейді ол.