Қазір оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр
Жатақханадағы көршісінен таяқ жеген Самат Рамазанов бір-екі күнде ауруханадан шығуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24». Бұл туралы Алматы қалалық жедел көмек көрсету ауруханасының дәрігерлері хабарлады.
Мукополисахаридоз генетикалық дертіне шалдыққан Самат Рамазановты жатақханада бірге тұратын студент соққыға жыққан. Екеуі де – Тұран университетінің студенттері. Қыркүйектен бері бір бөлмеде тұрған. Келеңсіз жайттан бір күн ілгері Самат денсаулығы нашарлап, жедел жәрдем шақыртады. Тексеруден соң дәрігерлер тыныштық керектігін айтқан.
«Ол күні бойы демалып, ұйықтайды. Көршісі қайта-қайта терезені аша берген соң Самат оған ескерту жасайды. Ол сөз қайтарады. Саматтың айтуы бойынша, есікті ішінен құлыптап алып, оны соққыға жыққан», - дейді қоғамдық қордың төрайымы Эльмира Әлиева.
Осы жағдайдан соң Самат дереу ауруханаға жеткізіледі. Бас сүйегіне рентген жасалып, терапевт, кардиолог тескереді.
«Бас жарақаты, бастың шашты бөлімінің, беттің жұмсақ тіндерінің жарақаты бар. Жағдайы бірқалыпты. Қазір керекті емінің бәрін алып жатыр. Тыныштық қалыпта. Нейрохирургия бөлімінде жатыр. Жағдайына қарап 1-2 күн шамасында ауруханадан шығарамыз», - деді қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының бөлім басшысы Бақытжан Әбдіқадыров.
Бұл жағдай қоғамда қызу пікірталас тудырды. Самат Рамазанов Бостандық аудандық полиция басқармасына арыз берген. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Сараптама қорытындысына сәйкес процессуалды шешім қабылданады. Университет басшылығы да бұл жағдайға бей-жай қарамайтындарын жеткізді. 30 жастағы кемтар жанға қол жұмсаған 18 жастағы студент оқудан шығарылатын болды.
«Екі жақтан да ата-аналар келді. Аналары жылап отыр. Алдын ала келіскен екен. Кешіретінін айтыпты. Бірақ біз , кешірді ме, кешірмеді ме? Кешірсе, арызды алатын болса, онда іс қозғалмауы мүмкін. Бірақ біз оны кешірмейміз. Біз ол баланы оқудан шығарамыз. Кейін қайтып келемін десе, өзі біледі», - деді «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов.