Ұрылар кеткенде тірі болған кәсіпкер артынша жүрек талмасынан қайтыс болған
Степногор қаласында жеке кәсіпкерге қарақшылық шабуыл жасаған екі азамат қолға түсті. Қаскөйлер 68 жастағы үй иесін өлімші етіп сабап, ажал аузында қалдырып кеткен, деп хабарлайды КТК арнасы.
Қанды қылмыс осы жылдың қазан айында болған. Кәсіпкерді пәтерінде өлі күйінде жатқан жерінен ағасы тауып алыпты. Ол дереу тәртіп сақшыларына хабар берген.
Кешікпей жалғызбасты кәсіпкердің үйі тоналғаны белгілі болды. Қарақшылар 150 мың теңге мен үй иесінің қол сағатын алып кетіпті. Сондай-ақ оның денесінен зорлық белгілері анықталған. Бірақ ұрылар кеткенде, ол тірі болған екен. Ал сот-медициналық сараптама кәсіпкердің жүрек талмасынан қайтыс болғанын көрсетті.
Екі ай бойы шабуыл жасағандарды іздеген полиция осы іске қатысы бар деген екі азаматты Макинск қаласында қолға түсірді. Олар бұған дейін Степногорда пәтерді жалға берумен айналысқан марқұмның клиенттері екен.
«Олар – Макинск қаласының 18 және 22 жастағы тұрғындары. Бұған дейін ұрлық жасап сотталып үлгерген. Қамауға алынған екеуі қылмысын мойындады. Қазір қарақшылық және абайсызда кісі өлтіріп алу бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды», - деді Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.