Қызылордада 9 келіге жуық есірткі тасымалдаған азамат ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

30 жастағы азамат уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды

Қызылордада аса ірі мөлшерде есірткі тасымалдаған қала тұрғыны құрықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

2020 жылдың 1 желтоқсанында патрульдік полиция қызметкерлері Қызылорда – Павлодар тасжолының 12-шақырымында жол ережесін бұзған жеңіл автокөлікті тоқтатқан.

«Тексеру барысында автокөліктің жүк салғышынан жолаушыға тиесілі ерекше иісі бар шөп салынған полиэтилен пакет алынды. Сараптама қорытындысы бойынша ерекше иісі бар зат салмағы тоғыз келіге жуық кептірілген марихуана екендігі анықталды», - делінген хабарламада.

Қызылорда қаласының 30 жастағы тұрғыны Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Бұл факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігімен (Аса ірі мөлшердегі есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.