Жамбыл облысында букмекерлік кеңсеге қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Олар 23 және 24 жастағы бұрын сотты болған тұрғындар болып шықты

Жамбылдық полицейлер букмекерлік кеңсеге жасалған қарақшылық шабуылды ашты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ІІМ баспасөз кызметіне сілтеме жасап.

Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері Шу ауданындағы букмекерлік кеңселердің біріне қарақшылық шабуыл жасағаны үшін ауданның екі тұрғынын ұстады.

Шу ауданының ПБ кезекші бөліміне таңғы сағат 4:30-да белгісіз тұлғалардың букмекерлік кеңсеге кіріп, қорқыту арқылы кассирден ақша алып кеткені туралы хабарлама келіп түсті.

«Тергеу барысында жас жігіттердің пластикалық терезені сығымдау арқылы букмекерлік кеңсеге заңсыз кіріп, кассирге белгісіз қару қолдану арқылы қауіп төндіріп, 773 мың теңге көлеміндегі ақшаны иемденгені анықталды. Осыдан кейін олар белгісіз бағытқа қашып кеткен», - делінген баспасөз хабарламасында.

Іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Жамбыл облысының ПД қызметкерлері күдіктілерді анықтап, ұстады. Олар 23 және 24 жастағы бұрын сотты болған тұрғындар болып шықты. Жауап алу барысында ұсталғандар кінәсін мойындады.

Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 192-бабының 3-бөлігімен (Қарақшылық) сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Тергеу амалдары жүргізілуде, ұсталғандардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.