21 жастағы бойжеткен алаяқтық жасағанын мойындады
Нұр-Сұлтан қаласында мұқтаж отбасыларға көмек көрсету желеуімен ақша жинады деген күдікпен 21 жастағы бойжеткен ұсталды. Бұл туралы polisia.kz хабарлайды.
Күдікті бұған дейін ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабымен қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Тергеу барысында ұсталған бойжеткеннің 2019 жылдың қаңтарынан бері бірнеше рет алаяқтық жасағаны белгілі болып отыр. Мәселен, ол Instagram әлеуметтік желісінде аз қамтылған отбасыларға ақша жинау және қайырымдылық көрсету желеуімен komissionka_nursultan деп аталатын парақша ашқан.
Аталған парақшаға жазылғандардың бірі бойжеткеннің әрекетінен күдіктенген. Мұқтаж отбасыларға көмек көрсетуді шешкен ол бойжеткеннің банк картасына 20 500 теңге ақша аударған. Зардап шегушінің айтуынша, біраз уақыт өткеннен кейін оның әрекетінен күдіктене бастаған. Көмек көрсету үшін мұқтаж отбасылармен кездестіру өтінішіне түрлі сылтау айтып, кейін мүлдем байланысқа шығуды доғарған. Сосын алданғанын түсінген зардап шегуші полицияға шағымданған.
Ұсталған күдікті алаяқтық жасағанын мойындаған. Қазір оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі бойынша 10 эпизодпен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Келтірілген жалпы шығын – 400 мың теңге.