Шымкентте бір айда мас күйде көлік жүргізген 28 жүргізуші ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

«Жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі – мәдениеттің төмендігі және жолда өзара сыйластықтың болмауы» дейді полицейлер

Шымкент қаласының полиция қызметкерлері мас жүргізушілерді анықтау үшін күн сайын рейдтік шаралар жүргізіп жатыр. Бұл туралы Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шымкент қаласы ПД ЖПҚБ патрульдік полиция полкінің қызметкерлері күн сайын мас жүргізушілерді анықтау үшін рейдтер жүргізіп, сондай-ақ жүргізушілерге мас күйде көлік жүргізуден болатын қауіптер туралы ескертеді.

«Осы айдың басынан бері мегаполис жолдарында 28 жүргізуші алкогольдік немесе есірткілік мас күйде ұсталды. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Рейд кезінде 9 автокөліктің жүргізушілері алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан жалтарғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 613-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген ПД хабарламасында.

Іс-шара барысында автокөлік жүргізушілерімен профилактикалық әңгімелер жүргізілді. Жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі мәдениеттің төмендігінен және жолда өзара сыйластықтың болмауынан қалыптасатын адами фактор екенін түсіну маңызды дейді полиция қызметкерлері.