Жалпы саны 8 адам зардап шеккен
26 қарашада кешкі сағат 20:00 шамасында Талдықорған қаласы Еркін ауылында жеке тұрғын үйлердің бірінде шағын газ баллоны (сыйымдылығы 5 литр) жарылып, 8 адам зардап (үшеуі - балалар) шекті. Олардың барлығы медициналық мекемелерге жеткізілді.
Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хатшысы Ләйлім Аубакирова жарылыстан зардап шеккен жандардың қазіргі жағдайы туралы хабар берді. Басқарма өкілінің айтуынша, жарылыстан зардап шеккен төрт адамның жағдайы өте ауыр. 14 жасар баланың денесінің 98%-ы күйіп қалған.
«Талдықорған қалалық көпсалалы аурухананың жансақтау бөлімінде жатқан 4 науқастың жағдайы өте ауыр. 14 жастағы баланың денесі 98%, 48 жастағы тұрғынның денесі 82%, 47 жастағы зардап шегушінің денесі 50% және 70 жастағы тұрғынның денесінің 55 пайызын күйік шалған», - деді басқарма өкілі.
Сондай-ақ ресми өкілдің мәліметінше, облыстық балалар ауруханасына жарылыстан зардап шеккен 10 және 8 жастағы науқастар жеткізілген. Олардың беті, мойны, денесі күйген. Жағдайы бірқалыпты. Қалған екеуінің жағдайы - ауыр.
Алдын ала болжам бойынша, тұрмыстық газ баллонын жылыту үшін пештің жанына қою жарылысқа себеп болған.