Ағашты заңсыз кесу: Sulpak басшысы алматылық тұрғындардан кешірім сұраудан бас тартты

Автор: Azattyq Rýhy

Ағаштарды кесу үшін 10 адам жалдаған кәсіпкер әйел болып шықты

Фото: Facebook

Алматыдағы Sulpak сауда үйі маңындағы ағаштарды заңсыз кескен күдіктінің жеке тұлғасы анықталып, аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Алматы Полиция департаменті басшысының орынбасары Рустам Әбдірахманов мәлім етті.

Құқық қорғау қызметкерлерінің айтуынша, бастапқыда қылмыстық іс бірыңғай тізілімде Қылмыстық кодекстің 340-бабы (ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу) бойынша ашылған. Бірақ істі кейіннен ҚК 339-бабы (сирек кездесетін және  құрып кету қаупі төнген өсімдік түрлерін заңсыз жою) бойынша ауыстырған.

«Аталған жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Негізгі күдіктінің түр-тұлғасы анықталды. Ол – алматылық жеке кәсіпкер әйел. Sulpak-тың әрекетіне де баға беріледі. Күдіктінің айтуынша, жөндеу жұмыстарын жүргізген Sulpak-тың жобалық жұмысында көше бойындағы ағаштардың алынғаны көрсетілген», - деді Рустам Әбдірахманов. 

Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская Sulpak дүкенінің қожайыны аталған іс бойынша алматылықтардан кешірім сұраудан бас тартқанын айтты.

«Басқармаға кәсіпкерлер тарапынан өтініш түспеді. Біз шағым түскен соң оқиға орнына бардық. Екі бірдей жеке кәсіпкерлікке айыппұл салынды. Sulpak басшысы алматылық тұрғындардан кешірім сұраудан бас тартты. Ағаш кескендердің өтемақысын күтпестен, ертең Әуезов көшесінен Жароков көшесіне дейін ағаш көшетін отырғызамыз», - деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, өткен сенбі күні Алматыдағы Төле би көшесі бойындағы Sulpak дүкені жанында 13 ағашты заңсыз кескендерді тұрғындар жазалауды сұраған болатын. Сондай-ақ, аталған іс мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарын аудартты.

Айжан Қалиева, Алматы