Дәмханадағы жарылыстан қаза тапқан марқұмның отбасына 1 млн теңге көмек беріледі
Бүгін марқұмның мәйіті туған жері Қызылорда облысына жеткізіледі

Еске сала кетейік, 21 қарашада елордада дәмханалардың бірінде газ баллоны жарылып, 1 адам қаза тапты. Дәмханада ыдыс жуушы болып қызмет атқарған 52 жастағы әйелдің денесі бүгін туған жері Қызылорда облысына жеткізіледі. Марқұмның артында жалғыз ұлы қалған.
Нұр-Cұлтан қаласы Есіл ауданы әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбекұлының айтуынша, марқұмның отбасына 1 млн теңге көлемінде көмек көрсетіледі. Сондай-ақ оның денесін туған жеріне жеткізу үшін қажетті құжаттарды алуға әкімдік көмектеседі.
Нұр-Сұлтандағы дәмханада болған жарылыстан зардап шеккен үш адам жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы елордалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлайды.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, олардың бірі өте ауыр жағдайда жатыр. Қалған екеуінің де жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.