ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 1 480 адам коронавирус жұқтырды

Атырау облысында 20 шақты ірі қара мал қырылды

Жергілікті тұрғындар бұл жағдайға сол маңда егін еккен шаруа қожалығын кінәлап отыр

Фото: 24.kz

Атырау облысы Индер ауданының Жарсуат ауылында 20-ға жуық ірі қара өлген. Бұл көрсеткіш әлі де өсуі мүмкін. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауырған малдың қатары әлі де бар. Кеше Лаура Қапашова есімді тұрғынның қорасындағы қос сиырының біреуі өлген. Екіншісі де ауырып жатыр. Сауып сүтін ішуге де, сойып, етін жеуге де келмейді. Тұрғындар маңдай термен баққан малын кәдеге жарата алмағанына ашынып отыр. Бұл туралы 24.kz хабарлайды.

«Кеше біреуі өлді. Енді мынау екіншісін алып келіп еді. Бұл да кешеден бері ауырып жатыр. Бұл да өлетін шығар деп ойлаймын», - дейді Жарсуат ауылының тұрғыны Лаура Қапашова.

Жергілікті тұрғындар бұл жағдайға сол маңда егін егетін шаруа қожалығын кінәлап отыр. Жеке кәсіпкер жазғы маусымда 10 га жерге картоп пен пияз еккен. Бар өнімді жинап алған шаруалар пісіп үлгермеген пиязды сол күйі тастап кеткен. Күн суытқан кезде ол үсіп үлгерген. Пайдаға жарамайтын болғаннан кейін егістікті тастап, қоршауын бұзып алып кеткен көрінеді. Осылайша сол жерде жайылған малдың қорегі пияз болған. Салдарынан ірі қара атаулы ауырып, қырылып жатыр.

«Өлген малдан сынама алынып, облыстық мал дәрігерінің зертханасына жолданды. Бір апта ішінде қорытындысы шығатын болады. Қорытынды шыққаннан кейін біз жергілікті тұрғындарға, БАҚ-қа хабарлама беретін боламыз. Сол қорытынды арқылы нақтылы шаралар қабылданатын болады», - дейді Индер ауданы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов.

Арнайы мамандардан құралған комиссия қазір Жарсуат ауылында зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ егістіктің орны да түгел тазартылыпты. Жергілікті биліктің айтуынша, малы қырылған тұрғындарға өтемақы төлеу мәселесі бұл іске кінәлі анықталғаннан кейін ғана шешілмек. Айта кетейік, дәл осындай жағдай 2013 жылы қала іргесіндегі Алға ауылында да болған.