ШұғылБір аптада коронавирустан 73 қазақстандық қайтыс болды

Елорда дәмханасындағы жарылыстан 3 автокөлік зақымданды – ТЖМ

Дәмханада ыдыс жуушы болып қызмет атқарған 52 жастағы әйел адам қаза тапты

Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі Нұр-Сұлтандағы дәмханада болған жарылысқа қатысты қосымша ақпарат таратты.

21 қараша күні сағат 12:25-те Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД кезекші-диспетчерлік қызметінің пультіне Шұбар шағынауданындағы «Halalbrothers» дәмханасында газ баллоны жарылып, салдарынан өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына сағат 12:32-де келгенде, жарылыс салдарынан екі қабатты коттеджге жапсарлас салынған құрылыс пен қазандықтың ішінара қабырғалары және шатыры құлағаны анықталды. 

Нысанның 100 шаршы метрі қираған (құрылыстың жалпы көлемі – 600 шаршы метр). Жарылыс салдарынан асүйдің шатыры құлаған.

Елордалық құтқарушылар оқиға орнынан 35 газ баллонын шығарды. Үйіндінің арасынан 1998 жылы туған қызды құтқарды, ол басынан жабық ми зақымын алған. Өкінішке қарай, оқиға орнында дәмханада ыдыс жуушы болып қызмет атқарған 52 жастағы әйел (1968 жылы туған) қаза тапты.

Жедел медициналық көмек бригадасы 34 адамды емханаға жеткізді. Оның ішінде 11-і дәрігер қарағаннан кейін үйлеріне жіберілді, 23-і ауруханаға жатқызылды. Зардап шеккен адамдардың барлығы – дәмхана жұмысшылары. Сондай-ақ жарылыс салдарынан 3 автокөлікке зиян келді.

«Көлемі 20 шаршы метр өрт сағат 12:58-де сөндірілді. Авариялық-құтқару жұмыстары сағат 16.59-да аяқталды. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Оқиға орнында Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД, Апаттар медицинасы орталығының 56 қызметкері мен 14 бірлік техникасы жұмыс істеді. Қала әкімдігі және ТЖ департменті адамдар тоңып қалмас үшін КУНГ-көлігі мен автобус жіберді», - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, Нұр-Сұлтандағы дәмханада болған жарылыстан зардап шеккен үш адам жансақтау бөлімінде жатыр.