Пандемияға байланысты 10 мейрамхана жұмыс бағытын түбегейлі өзгерткен
Қызылорда облысында жабылып қалған мейрамхана иелері кәсіпке бет бұрып жатыр. Бұл туралы өңір басшысы Гүлшара Әбдіқалықова ОКҚ-да өткен брифингте айтты.
Бүгінде облыста 130-ға жуық мейрамхана бар. Олардың басым бөлігі пандемия салдарынан қызметін тоқтатуға мәжбүр болған. Облыс басшысының айтуынша, кәсіпкерлер тығырықтан шығудың амалын қарастырып жатыр.
«Бір мейрамхананың орнына медициналық орталық ашылды. Екіншісі шырын құятын цехты іске қосты. Үшіншісі консервіленген ет дайындайтын мекемеге айналды. Біз өзге де мейрамханалармен жұмыс істеуді қолға алмақпыз. Өйткені, көбі жұмыссыз қалып, шығынға батты. Сондықтан көптеген мейрамхана иесі кәсібін өзгертуді көздеп отыр. Қазір 10 мейрамхананың жұмыс бағыты түбегейлі өзгерді», - деді Гүлшара Әбдіхалықова.
Облыс әкімі баяндамасында карантиндік шектеулер кезінде 54 мыңға жуық кәсіпкер салық жеңілдіктеріне ие болып, оның ішінде 8,5 мыңнан астамы МӘМС төлеуден босатылғанын атап өтті.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан