Қостанайда еуро мен доллар ұрлаған үй қызметкері ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Күдікті ақшаның бір бөлігін туыстарының несиесіне жұмсап, тағы бір бөлігін банкке депозитке салып үлгерген

Қостанай қаласы Полиция басқармасының Оңтүстік полиция бөліміне 63 жастағы қала тұрғыны пәтерінен қомақты ақша, атап айтқанда, 7200 доллар және 2800 еуро ұрланғанын хабарлаған.

«Өтініш берушінің күдігі Елена есімді үй күтушісіне түскен. Жәбірленушінің айтуынша, осы жылдың күзінен бастап ол айына бір-екі рет пәтерді тазалау үшін келетін бейтаныс келіншекті жалдаған», - делінген облыстық ПД хабарламасында.

Жедел іздестіру іс-шаралары барысында Оңтүстік полиция бөлімінің қызметкерлері Қостанай қаласының бұрын сотталмаған 47 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады.

Ақшалай қаражат ішінара иесіне қайтарылды. Күдікті ақшаның бір бөлігін жұмсап, туыстарының несиесін төлеп, бір бөлігін банкке депозитке салып үлгерген.

Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігі бойынша тіркелген сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.