Қарағандыда өзіне қол жұмсап, артында жазба қалдырған әйелдің өліміне қатысты тергеу басталды

Автор: Azattyq Rýhy

Жазбада аты аталған полицей тергеу жүргізілетін мерзімге байланысты лауазымынан шеттетілді

Фото: ашық дереккөзден

16 қарашада Қарағанды қаласында Можайск көшесінде орналасқан үйдегі пәтерлердің бірінен әйелдің денесі табылды. Марқұмның өлім алдындағы жазбасы қалған. Онда әйел өз өліміне полицейдің кінәлі екенін айтып, есімін жазып кеткен.

Қарағанды облысының Полиция департаменті полицейдің есімі аталған жазбаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабына (өлімге итермелеу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталғанын айтты.

«Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр және сараптамалар тағайындалды. Оның ішінде өлім алдындағы жазбасына қатысты өз қолымен жазған немесе жазбағанын тексеретін сараптама жасалады. Қылмыстық істі Қарағанды облысы Полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы жүргізіп жатыр», - делінген облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сондай-ақ құқыққорғаушылар жазбада аты-жөні аталған полицейге қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп жатқанын да атап өтті.

«Е.Д. Намысовқа (полицейге - еск.) қатысты қызметтік тергеу басталды. Нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылданады. Ол тергеу жүргізілетін мерзімге атқаратын лауазымынан шеттетілді», - деді департаменттегілер.

Одан бөлек, қайтыс болған әйел мен оның әпкесіне қатысты алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс жүргізіліп жатыр. Қарағандының бірнеше тұрғыны 130 милллион теңгеге шығындалғаны туралы екі әйелдің үстінен шағым жазған.