БҚО-да мұз құрсауында қалған аққулар құтқарылды

Автор: Azattyq Rýhy

Құстарды құтқаруға ТЖД қызметкерлері шақырылды

 

18 қараша күні Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек ауылдық округі әкімінің орынбасары құтқарушыларға хабарласып, ауыл маңындағы су қоймасында аққулардың мұз құрсауында қалғанын айтқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Мой город» порталына сілтеме жасай отырып.  

«Жергілікті тұрғындардың айтуынша, құстар таңғы уақытта мұзға жабысып, қатып қалған екен. Куәгерлер құстар тұрған жердің мұзын ойып, аққуларды құтқаруға тырысқанымен, судан шығара алмаған. Егер аққулар түнде тағы мұз үстінде қалса өліп қалуы әбден мүмкін еді. Сондықтан оқиға орнына БҚО ТЖД №21 өрт сөндіру бекетінің құтқарушылары шұғыл жетіп, құстарды мұз құрсауынан құтқарып қалды», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта аққулар Жәнібек ауылындағы тұрғынның қорасына жеткізілді. Енді оларды көктемге дейін жылы орынға орналастыру мәселесі шешілетін болады.