Ақмола облысында жүздеген тонна шөп жанып кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Өрттің шығу себептері анықталып жатыр

Бүгін таңғы сағат 7 шамасында Жақсы ауданының Ишимское селосында «Имран Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жүздеген тонна шөп өртенді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, өрт 200 шаршы метр аумақты қамтыған. 

«Тілсіз жау таңғы 10:55-те сөндірілді. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталуда. Оқиға орнында Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бес қызметкері мен бір техникасы, «Имран Агро» серіктестігінің 10 қызметкері мен үш техника бірлігі жұмыс істеп жатыр», - дейді Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен. 

Төтеншеліктер қысқы жем-шөпті сақтауда өрт қауіпсіздігін қатаң сақтау қажеттігін ескертті. 

«Шөп орамдары мен отынды көпірлерден, пойыздар жүретін жолдардан, сондай-ақ электр желілері өтетін аймақтан кемінде 50 метр қашықтықта орналастыру қажет. Орман алқаптарына жақын орналасса шөпті кемінде 20 метр қашықта үйген дұрыс. Сондай-ақ, жем-шөп сақталған жерде темекі шегуге жол бермеген жөн.

Ылғалдылығы жоғары шөп орамдары тез тұтануға бейім болады. Сондықтан қарапайым сынапты термометрлердің көмегімен шөптің температурасы тұрақты бақылауға алу жүзеге асырылуы тиіс. Ол түрлі тереңдікте шөп орамдарына металл тұрбалар арқылы енгізіліп қойылады. Шөптің температурасы 600 градус цельсиядан асқан жағдайда қыза бастаған шөпті қопарып жайған жөн. Қарапайым қауіпсіздік ережелеріне сақтауға көңіл бөлінбей, талаптардың дұрыс орындалмауы  орны толмас қайғылы жағдайларға әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан оқыс жағдайлардың алдын алу үшін, аса сақ болып, электр энергиясы мен электр құрылғыларында ақауының жоқтығына, аса мән беру қажет», - дейді ТЖД мамандары.