Есірткінің жалпы салмағы 40 граммнан асады
Түркістан облысының полицейлері Өзбекстан Республикасының шекарадан есірткі алып өтпек болған азаматын ұстады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері шекара бекеті қызметкерлерімен бірлесіп, түрлі заңсыздыққа жол бермеу мақсатында рейд барысында Қазақстаннан Өзбекстан шекарасына өтіп жатқан азамат күмән тудырып, полицейлер тоқтатады. Сондай-ақ тексеру кезінде оның қалтасынан полиэтилен пакетке оралған, ерекше хош иісі бар есірткі затына ұқсас зат табылады. Белгілі болғандай, күмән тудырған ер азамат Өзбекстан Республикасының азаматы болып шықты. Ол қалтасындағы есірткімен Өзбекстан Республикасына өтпек болған.
Аталған дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сараптама тағайындалып, оның қорытындысына сәйкес зерттеуге ұсынылған зат «кептірілген марихуана» екені анықталды. Жалпы салмағы 40 граммнан асады.