Түркістан облысында көлік нөмірін айналмалы етіп алған жүргізуші жауапқа тартылды

Автор: Azattyq Rýhy

Оған 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін

Фото: polisia.kz

Түркістан облысында көлігінің мемлекеттік нөмірін айналып тұратын етіп жасап алған жүргізуші жауапқа тартылды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.

Түркістан облысының полицейлері әлеуметтік желіге бақылау жасап, кезекті мониторинг кезінде көлігінің мемлекеттік нөмірін айналатын етіп қайта жабдықтап алған жүргізуші жайында видеоны анықтаған.

Полиция өкілдері артынан құқық бұзған Toyota Camry маркалы көліктің жүргізушісін анықтап, оны жауапқа тартты. Жүргізушіге ҚР әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 7-бөлімі (көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша хаттама толтырылды. Аталған баптың 7-бөлігінде (тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқару – 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады) деп көрсетілген.

Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерге қайта жабдықтауды заңға сәйкес жасау қажеттігін ескертті.