Заң жобасына өзгертулер енгізіледі
Елімізде өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын көтеру бойынша техникалық реттеудің заң жобасына өзгертулер енгізілмек. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты.
Министрдің айтуынша, «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне техникалық реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы біршама проблемалардың шешілуіне мүмкіндік береді.
«Бұл заң жобасы мемлекет үшін бақылау-қадағалау қызметінің айқындығын арттыруға, қауіпті өнімді нарыққа жібермеуге, сыбайлас жемқорлық қаупін төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ адал кәсіпкерлікке жағдай жасауға, тұтынушы үшін неғұрлым сапалы өнім таңдауға жағдай жасалмақ» - деді Бақыт Сұлтанов.
Заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин алдағы уақытта мемлекеттік бақылау жүйесі өзгеретінін мәлім етті.
«Біз алдымен кез келген өнімді елге кіргіземіз де, содан кейін тексереміз. Қауіпті жағдай болса, сонда ғана анықтауға кіріседі. Енді өнім Қазақстанға келмей тұрып, мемлекеттік бақылаудан өтеді. Бұл өте маңызды және қажетті қадам. Сондықтан бұл норманы міндетті түрде қолдауымыз керек», - деді Мәжіліс спикері.
Сондай-ақ отандық сауда-саттық саласында жиі туындайтын мәселелер алдағы уақытта бақылауға алынбақ. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Сапар Ахметов хабарлады.
«Бүгінде сауда орындарында өлшеп оралған тауарларға деген сенімсіздік жағдайы жиілеп кетті. Жанар-жағармай өнімдерін толтырмай құю жағдайы кеңінен тарап отыр. Кондитерлік және нан-тоқаш өнімдері, парфюмерлік косметикалық өнімдер, сондай-ақ басқа да тамақ өнімдерін сатқан кезде өлшеп оралған өнім салмағының жетіспеуі секілді жайттар тұтынушы құқығының бұзылуына әкеледі. Осыған байланысты заң жобасы өнімдерді өткізу тәрібін айқындауды және өкілетті органдарға тиісті бақылау функцияларын бекітуді көздейді. Заң жобасында аттракциондарды пайдалану қауіпсіздігін күшейту мәселелері де көрсетілген», - деді Сапар Ахметов.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан