Қарағандыда адам қағып, оқиға орнынан қашып кеткен көлік жүргізушісі ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

49 жастағы жәбірленуші жол-көлік оқиғасы барысында алған дене жарақаттары салдарынан қайтыс болған

Фото: ашық дереккөзден

Қарағандылық полицейлер жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіні ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz. 

8 қараша күні кешкілік Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Михайлов полиция бөліміне қала көшелерінің бірінде белгісіз автокөліктің жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан қашып кеткені туралы хабарлама түсті. 
49 жастағы жәбірленуші жол-көлік оқиғасы барысында алған дене жарақаттары салдарынан қайтыс болған.

Тексеру барысында полиция қызметкерлері адам қағып, оқиға орнынан қашып кеткен көліктің  “Фольксваген пассат” маркалы автокөлік екенін анықтады. 
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 31 жастағы азамат ұсталды. Күдікті қылмысын мойындады. 

Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабына (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы)  сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.