Көлік жүргізушілеріне 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды
Алматыда екі адамның өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасына себепші болған көлік жүргізушілері 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасымен сотталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір жылдай бұрын Алматыдағы Сүйінбай даңғылы мен Баянауыл көшесінің қиылысында адам өліміне әкеп соққан ірі жол апаты болды.
«Сағат 22:35. Subaru Legacy автокөлігінің жүргізушісі А. Петин салондағы жолаушыларымен бірге Сүйінбай даңғылымен оңтүстік бағытта жүріп, Баянауыл көшесіне бұрылған. Бағдаршам сары түсі жанып тұрса да бұрылған. Осы уақытта А. Алипов жүргізіп келе жатқан Mitsubishi Pajero маркалы автокөлігі Сүйінбай даңғылының бойымен солтүстікке қарай бара жатқан, оның да салонында екі жолаушы болған. Mitsubishi жүргізушісі бағдаршамның сары түсінен үлгеріп өту үшін газды қатты басқан, ал Subaru жүргізушісі жылдам қимылдап, соңына дейін асыққан. Асығу салдарынан екі көлік қатты соқтығысқан. Апат салдарынан Mitsubishi көлігі төңкеріліп қалған. Оның салонында болған әйелдердің біреуі көліктен ұшып кетіп, көше бойына орнатылған бағанаға барып соққан. Инерция күшімен Mitsubishi асфальтта сырғып, ары қарай үшінші машинаға соғысып, жол талғамайтын көлік тоқтаған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан Mitsubishi автокөлігінің салонында болған жолаушылар, бір-біріне туыс болып келетін екі әйел де қайтыс болды», – деді Алматы қаласының ПД анықтау басқармасының бастығы Олжас Шәріпов.
Сот отырысы барысында А. Петин мен Ж. Алипов өз кінәларын толықтай мойындады. Сот А. Петин мен Ж. Алиповты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, олардың әрқайсысына 5 жылдан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
«Біреулердің жақындары осындай немқұрайлық салдарынан қайтыс болды. Жүргізушілердің біреуі тоқтау керек болса да, бағдаршамның сары түсіне өтіп кетті, екіншісі сенімді болмаса да, маневр жасай бастады. Екі жүргізушінің де бейқамдығы осындай қайғылы жағдайға әкеп соқтырды. Жол қателікті кешірмейді», – деп түйіндеді Олжас Шәріпов.