Талғар қаласында өрт болып, үш адам қаза тапты
Өрттің тұтану себептері анықталуда
Талғар қаласында өрт болып, үш адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР ТЖМ Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
10 қараша күні сағат 03.40-та Алматы облысы ТЖД-ға Талғар қаласында жеке сектордағы үйдің өртенгені туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына Талғар қаласындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің 6 қызметкері мен 2 бірлік техникасы дереу жіберілді. Бұл туралы ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.
Өрт сөндірушілер шақырту орнына келген кезде тұрғын үй (көлемі 5х8) толығымен өртке оранған.
«Сонымен қатар үй төбесінің жабындысы құлағаны анықталды. Өрт сөндіру барысында оқиға орнынан 2012, 2001 және 1976 жылдары туған үш адамның денесі табылды. Өрт сағат 04.06-да оқшауланып, сағат 04.50-де толығымен сөндірілді. Көлемі 40 шаршы метрді құрады. Өрттің тұтану себептері анықталуда», - делінген хабарламада.