Қарағандыда қараусыз қалған көлікті айдап әкеткен әйел ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Бірнеше минутқа аялдамада қалдырып кеткен көлігін иесі таппай қалған

 

Фото: ғаламтордан

Қарағандылық полицейлер бөтен біреуге тиесілі көлікті айдап әкеткен әйелді ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды қаласы Полиция басқармасының орталық полиция бөліміне 36 жастағы қала тұрғыны белгісіз біреудің автомашинасын ұрлап айдап әкеткенін хабарлады. 

Шығын сомасы 2 млн 500 мың теңгені құрады.

«Тексеру барысында жәбірленушінің  машинасын  бірнеше минутқа аялдамада қараусыз қалдырып кетіп, қайтып оралғанда көлігін таппай қалғаны анықталды. Полицейлер қала көшелерінің бірінен айдап әкетілген автокөлікті ұстады, көлік рөлінде 38 жастағы әйел болған», - делінген ақпаратта.

 Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 200-бабы (Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.