Алматыда есірткі притонын ұйымдастырған азамат 10 жылға сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол бұрын да есірткі сатқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған

Көрнекі фото

Алматы қаласының Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлеріне қала тұрғынының есірткі және психотроптық заттарды тұтынуға арналған притон ұйымдастырғаны, сондай-ақ қала аумағында есірткі және психотроптық заттарды сатумен айналысатыны туралы жедел ақпарат келіп түскен. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды. 

Бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 302-бабының 2-бөлігі (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді тұтыну үшін притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және осы мақсаттар үшін үй-жайлар беру) бойынша тіркелді.

«Шара барысында 49 жастағы притон ұйымдастырушысының бұрын есірткі сатқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Сотқа дейінгі тергеу барысында оның есірткіге тәуелді азаматтар арасында пәтерін есірткі және психотроптық заттарды тұтынатын орын ретінде беру туралы ақпаратты таратқаны және сол жерде есірткі сатқаны анықталды. Есірткі тұтыну үшін пәтерін берумен қатар, күдікті ол жерде заңсыз есірткі заттарын өндірген. Күдіктінің 40-тан астам есірткі сату фактісіне қатысы бары дәлелденді», – деді Алматы қаласының ПД тергеу басқармасының бөлім бастығы Әділ Салаев.

Сот үкімімен күдікті азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 302-бабының 2-бөлігінің 2-тармағы, 297-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша айыпты деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.