Алматыда 4 күн бұрын түрмеден шыққан ер адам бөтеннің көлігін ұрлап кеткен

Автор: Azattyq Rýhy

Ол көлікті бұрағышпен айдап алып кеткен және оған басқа көліктен ұрланған нөмірді орнатқан

 

Алматы қаласының полицейлері көлікті заңсыз иемдену қылмысын ашты, деп хабарлайды Polisia.kz.

Іздеуде болған «Мазда – 626» маркалы автокөлігін патрульдік полиция қызметкерлері тұрғын үйлердің жанынан тапқан. Мас адам жүргізуші орындығының артына жасырынған. Көлікті тексерген кезде нөмірлік белгілер басқа көлікке тіркелген болып шықты, ал «Мазданың» өзі ұрланған көліктер тізімінде тұр.

«Жауап алу кезінде ер адам үйіне жету үшін көлікті ұрлағанын мойындады. Көліктің құлпын ашып, оны бұрағышпен айдап алып кетіп, оған басқа көліктен ұрлап алған мемлекеттік нөмірлерді орнатқан. Күдікті ұрланған көлікті қаладан айдап әкетпек болған. Ол бұрын осындай әрекеттері үшін бірнеше рет сотталған. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 200-бабымен (Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жауап алу барысында күдікті көлікті Жамбыл облысына қосалқы бөлшектер ретінде сату мақсатында ұрлағанын мойындады. Өзі Жамбыл облысының тумасы. Қазіргі уақытта оның Алматы қаласында тағы да осындай екі қылмысқа қатысы бар екені анықталды», – деді Алатау аудандық Полиция басқармасының бастығы Ілияс Өмірсеріков.

Өз кезегінде оқиға орнына мүлкін алу үшін келген жәбірленушілер полиция қызметкерлерінің кәсіби шеберлігіне және мүліктерінің қайтарылғанына ризашылықтарын білдірді.

«Мен Алматы облысынан қонаққа келген едім. Көлігімді тұрғын үйдің ауласына тастап кеттім. Түнгі сағат 01.30 шамасында көліктің жоқ екенін байқадым, содан дереу полицияға көлігімді ұрлау фактісі туралы жүгіндім. Келесі күні таңертең полиция қызметкерлері хабарласып, осында келуім керек екенін айтты. Мен көлігімнің қайтарылғанына өте қуаныштымын. Алматы қаласының полицейлеріне қырағылық танытып, қылмысты тез ашқаны үшін ризашылығымды білдіремін», – дейді ұрланған көліктің иесі Асқар.

Полицейлерге мемлекеттік тіркеу нөмірі ұрланған жәбірленуші де алғысын білдірді.

«Нөмірі жоқ көлігімді түнде Райымбек даңғылының бойында қалдырған едім. Нөмірім бір жерде түсіп қалған шығар немесе полиция қызметкерлері қандай да бір әкімшілік құқықбұзушылық үшін шешіп алуы мүмкін деп ойлап, қалай болғанда да, проблеманы таңертең шешермін деп ойладым. Таңертең маған полицейлер қоңырау шалып, нөмірімді алып кетуді өтінді. Нөмірімді тауып бергені үшін полицейлерге алғыс айтамын», – деді Асхат.