ШұғылСоңғы бір аптада коронавирустан 54 қазақстандық қайтыс болды

Түркістан облысында ойнап жүріп, адасып кеткен 4 жасар бала үйіне қайтарылды

Ауыл тұрғыны есік алдында ойнап жүріп, із-түзсіз жоғалып кеткен ұлын іздеп, көмек сұраған

Түркістан облыстық Мақтаарал аудандық полиция басқармасына кеше кешкі сағат 16:00 шамасында Атакент ауылының тұрғыны 102 нөмірі арқылы хабарласып, есік алдында ойнап жүрген 4 жасар ұлының із-түзсіз жоғалып кеткенін айтып көмек сұраған. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мақтаарал АПБ ювеналдық полиция тобының қызметкері, полиция лейтенанты Тоқсанбай Нұржан дереу әрекет етіп, бүлдіршінді табу мақсатында қажетті жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Полицей аудан көшелерін тексеріп, баланы көрген-білген тұрғындардан сұрастыру жұмыстарын жүргізген.

Тәртіп сақшысының жан-жақты іздестіру жұмыстарының арқасында, небары 1,5 сағат ішінде бүлдіршін ойнап жүрген жерінен табылды. Осылайша, жоғалған бала ата-анасына аман-сау күйінде табысталды. Тәртіп сақшысының анықтауынша, ойын баласы үйдің ауласында ойнап жүріп, үйден 2 көше ары қарай кетіп қалған.

«Мен, есік алдында ойнап жүрген баламды жоғалтып алдым. Содан соң Мақтаарал ауданының полиция қызметкерлеріне хабарластым. Полицейлер дер кезінде тауып берді. Осы кісіге алғысым шексіз», - деп жүрекжарды алғысын білдірді баланың анасы Аймуртаева Несібелі.