Оқиға орнынан бой тасалаған жүргізушінің 24 жастағы түркістандық тұрғын екені анықталды
Тасжолда жаяу жүргіншіні қағып кетіп, оқиға орнынан бой тасалаған көлік жүргізушісі ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
30 қазан күні Шымкент – Самара тасжолындағы Тартоғай ауылының тұсында жолды кесіп өтпекші болған 48 жастағы ауыл тұрғынын Шымкент қаласына қарай кетіп бара жатқан белгісіз автокөлік қағып, оқиға орнынан қашып кеткен.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан әйел адам түрлі дене жарақатымен аудандық ауруханаға жеткізілді.
Бұл факт бойынша патрульдік полиция ротасының қызметкерлері жүргiзген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, Бәйгеқұм елді мекенінің тұсында жүк тасымалдайтын «Газель» автокөлігіне «Мерседес» автокөлігін тиеп кетпекші болған жүргізуші ұсталды.
«Тексеру барысында жол-көлік оқиғасы болған жерден бой тасалаған жүргізушінің Түркістан облысы Қазығұрт ауылының 24 жастағы тұрғыны екені анықталды», - делінген хабарламада.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 1-бөлігімен (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.