Елордалық әйел жұртты алдап, 60 млн теңге жинап алған

Автор: Azattyq Rýhy

Азаматтардың қаржылық сауатының аздығын пайдаланған күдікті оларды еш қауіп жоқ екенін айтып сендірген

Елорданың құқық қорғаушылары азаматтарды қаржы пирамидасынан сақ болуға шақырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта қала сақшылары қаржы пирамидасын құрды деген күдікпен қала тұрғыны (әйел) мен оның бірнеше сыбайласы бойынша іс жүргізіп жатыр. Бұған 30 салымшының полицияға арыздануы себеп болып отыр. WhatsApp арқылы «Реальные доходы 1», «Реальные доходы 2» және «Триумф» чаттарын құрып, әйел астаналықтар мен басқа да өңірлерде тұратын азаматтардың ақшасын жинап алған.

«Азаматтардың сенімін, қаржылық сауатының аздығын пайдаланып, күдікті оларды бұл жобадан ешқандай қауіп жоқтығын айтып сендірген. Жобаға ақша салған адам 5-15 күннің ішінде 100 пайыздық кіріске ие болатынын алға тартқан. Азаматтар осылайша, жобаға 20 мың теңгеден 2 млн теңгеге дейін ақша салған. Салымшылардың басым көпшілігі ақшасын қайтара алмаған», - деп хабарлайды департаменттен.

Осылайша, тергеу нұсқасына сай, әккі әйелдің 32 адамды алдап, 60 миллион теңге иемденгені анықталып отыр. Алайда алданғандардың саны одан да көп болуы мүмкін.

«Егер сіз немесе жақындарыңыз аталған қаржы пирамидасына ақша салып, алданған болса, Бейбітшілік көшесі 19 мекенжайындағы полиция департаментіне жүгінуіңізді сұраймыз», - делінген хабарламада.

Қалалық полиция департаменті азаматтарды қаржы пирамидасынан сақ болуға, күдікті қаржылық ұйымдарға ақшаны салмауға шақырады. Құқық қорғаушылар егер бейтаныс адам қысқа мерзімнің ішінде мол кіріске ие боласыз деп сендірсе, алдыңызда қаржы пирамидасы тұрғанын, оған салған ақшаңызды жоғалтып алатыныңызды ескертеді.