Сарыағашта суррогат алкоголь жасайтын астыртын цех ашқан екі азамат ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Олар жалған маркамен ішімдік сатқан

Түркістан облысының екі тұрғыны суррогат алкоголь өнімін жасайтын астыртын цехтың қызметін ұйымдастырған.

Қаржы мониторингі комитетінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру іс-шаралары барысында Сарыағаш қаласының тұрғындарының көрінеу жалған есепке алу-бақылау маркасын пайдаланып, алкоголь өнімдерін дайындайтын астыртын цех қызметін ұйымдастырғаны анықталды.

Комитеттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тінту барысында көлемі 0,5 литр «Пшеничная» маркалы жалған алкоголь өнімінің 284 бөтелкесі және 600-ге жуық жалған есепке алу-бақылау маркалары анықталып, тәркіленген.

Сарыағаш аудандық сотының үкімімен Түркістан облысының екі тұрғыны ҚР Қылмыстық кодексінің 233-бабының 2-бөлігімен (көрiнеу жалған акциздiк маркаларды және (немесе) есепке алу-бақылау маркаларын өткiзу мақсатында жасау немесе иемдену, сол сияқты пайдалану немесе өткізу) қарастырылған қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды.