Нұр-Сұлтанда құжатсыз көлік жүргізген мас қыз ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалды

Фото: ашық дереккөзден

Нұр-Сұлтанда құжатсыз көлік жүргізген мас қыз ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Peugeot 206 көлігі таңғы алты шамасында Сығанақ пен Ақмешіт көшелерінің қиылысында көзге түскен.

«Тексеру барысында 28 жастағы жүргізушінің мас екені анықталды. Қыз жүргізуші куәлігі мен құжаттары жоқ екенін мойындады», - делінген полиция хабарламасында.

Медициналық тексеріс нәтижесі бойынша, жүргізуші жеңіл дәрежеде мас болған. Сонымен қатар, ол 2019 жылдың маусым айында ішімдікке тойып алып көлік жүргізгені үшін үш жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды. 

Күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалды. Оған қатысты Қазақстан Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.