Адам шығыны болған жоқ
Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауданына қарасты Көкжайық ауылында 17 м/сек жылдамдықпен соққан жел үш қабатты мектеп шатырын ұшырып әкетті, деп хабарлайды ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Мектеп ғимаратының жалпы аумағы – 1600 шаршы метр. Жел салдарынан соның 90 шаршы метріндегі қаңылтыр жабынды ашылып, жерге құлаған.
«Оқиға болған кезде ешкім зардап шеккен жоқ. ШҚО ТЖД желдің екпіні бар дауылды ескерту туралы алдын ала хабардар етті. Қала тұрғындарын сақ болуға және үлкен ағаштардың астында қалмауға, олардың астына автокөлік қоймауға шақырамыз. Сондай-ақ, билбордтардан және басқа аспалы құрылымдардан, электр беру желілерінен мүмкіндігінше алыс болу керек. Жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін барынша қырағылық таныту қажет», - делінген аталған хабарламада.
Табиғи апаттан келген шығын көлемі есептеліп жатыр.