ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 794 адамнан коронавирус анықталды

Қарағанды қаласында жаппай төбелес болды

Зардап шеккендердің бірі ауруханада жатыр

Көрнекі фото: sputniknews.kz

Қарағанды қаласында жаппай төбелес болып, салдарынан үш ер адам жарақат алды, оларға пышақ тиген. Зардап шеккендердің бірі ауруханада жатыр.

«Астана» телеарнасының хабарлауынша, олар қаладағы барлардың бірінде отырған. Бір топ азамат бөлек үстел басында көлік жүргізушілер күні мерекесін тойлаған. Жанжал паб жабылған соң далада басталған.

Қарағанды облысы травматология қызметінің ахуалдық орталығының басшысы Ерік Шонбаевтың хабарлауынша, зардап шеккен азаматтың жағдайы тұрақты, орташа ауыр. Жалпы, науқас өзін жақсы сезінеді.

Оқиға орнына жеткен полицейлер төбелесті тоқтатты. Қарағанды облысы полиция департаментінің ақпаратына сәйкес, жанжалға не себеп болғаны анықталып жатыр.

«Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысы барларды ұстап, полиция бөліміне жеткізді. Үшеуі жарақат алып, ауруханаға түсті. Біреуі ем қабылдап жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталуда», - деді полиция департаментінің баспасөз хатшысы Жанатай Сембеков.

Сондай-ақ бұл жағдайға қатысты «бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.